Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Глюкометрді арзанға сатып алмақ болған елорда тұрғыны алаяққа тап болды

Глюкометрді арзанға сатып алмақ болған Астана қаласының тұрғыны алаяққа тап болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елорда полициясына қала тұрғыны жүгініп, алаяқтық әрекеттердің құрбаны болып қалғанын хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, ол қан құрамындағы қантты өлшейтін құрылғыны арзанға алып беруді уәде еткен бейтаныс адамға 40 мың теңгені аударып жіберген.

Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 46 жастағы азаматты анықтады. Тергеу барысында белгілі болғаны, ер адам жәбірленушімен әлеуметтік желі арқылы танысып, Алматы қаласынан арзанға дәрі-дәрмектер жеткізіп бере алатынын айтқан. Қаскүнемнің сөзіне сенген қала тұрғыны сапалы глюкометрге тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасаған.

Уәде етілген уақытта тапсырысын ала алмаған жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға алаяқтардың құрбаны болмау үшін, бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Көрсетілетін қызметтердің дұрыстығына көз жеткізбей, ақшаны бермеу керектігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру