Ұлытау облысында қаза тапқан полицейлерді еске алуға арналған волейболдан жарыс өтті
Ұлытау облысында қаза тапқан полицейлерді еске алуға арналған волейболдан жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау ауданы полиция бөлімінің ұйымдастыруымен Ішкі істер органдары қатарында елеулі қызмет атқарып, өшпес із қалдырған полиция қызметкерлерін еске алуға арналған волейболдан жарыс өтті.
Ұлытау аудандық спорт кешенінде ұйымдастырылған шара полиция қызметкерлері – Бағдат Айтенов, Бауыржан Елеусізов, Нұрлан Бегаев, Мәулен Байболов, Дархан Омаров, Жасұлан Дүйсембековты еске алуға арналған. Жарыста Ұлытау, Жезді, Қаракеңгір, Аманкелді ауылдарынан жиналған 10-ға жуық команда бақ сынасты.
Жарыс өмірден өткен ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталып, одан әрі мемлекеттік Гимні шырқалды.
Шара шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы мен аудандық полиция бөлімінің басшысы Руслан Ділмұхамедов сөзімен бастау алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Одан әрі өмірден өткен полиция қызметкерлері – Бағдат Айтеновтың жолдасы – Зайра Қабашеваға “Офицердің жұбайы”, Бауыржан Елеусізовтың қарындасы – Динара Елеусівоға “Қазақстан патриоты”, Нұрлан Бегаевтың әкесі – Төлеу Бегаевқа “Офицердің әкесі”, Мәулен Байболовтың жолдасы – Әмина Балтабековаға “Офицердің жолдасы», Дархан Омаровтың анасы – Айгүл Жұманова “Офицердің анасы”, Жасұлан Дүйсембековтың әкесі – Сүйіндік Дүйсембаевқа “Офицердің әкесі” төсбелгілерімен марапатталды. Марапатты аудандық полиция бөлімінің басшысы Руслан Рүстемұлы табыс етті.
Бұдан бөлек, аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайдарбек Ержанов полиция қызметінен зейнеткерлікке шыққандарға марапат табыстады.