Ұлытау облысының тұрғыны 127 жылдық тарихы бар мылтықты полицияға тапсырды
Ұлытау облысының тұрғыны 127 жылдық тарихы бар мылтықты полицияға тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының 56 жастағы тұрғыны полиция қызметкерлеріне Mannlicher M1895 винтовкасын өз еркімен тапсырған. Оның мұндай қадамға қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мақсатында барғанын айта кеткен жөн.
– Кез келген қару азаматтарға қауіп төндіреді, оны үнемі қадағалау керек, әсіресе атыс қаруы. Мылтықтың бақылауда болғаны дұрыс, – дейді ауыл тұрғыны.
Оның айтуынша, көп жылдық тарихы бар қаруды туыстарынан мұра етіп қалған. Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистерінің сарапшылары жүргізген зерттеу барысында бұл қарудың жасы ғасырдан асқанына қарамастан, жарамды күйде екені анықталды.
Mannlicher M1895 – бұл Фердинанд Маннлихер әзірлеген және 1895 жылы, яғни осыдан 127 жыл бұрын Австро-Венгрия армиясы қабылдаған мылтық. Мылтықтың ерекшелігі – қайта оқтау кезінде тікелей, арнайы спиральды ойықтарға байланысты автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл атыс жылдамдығын және қаруды қолданудың қарапайымдылығын арттырды. Ол Бірінші дүниежүзілік және Азамат соғысы кезінде қолданылған.
Полицейлер қаруды тапсырған азаматқа тағы бір қарудың заңдастырылуына ықпал еткенін атап өтіп, ауыл тұрғынына алғысын білдірді.