Түркістан тұрғыны танысын 4 млн теңгеге алдап кетті
Түркістанда қызын жұмысқа орналастырмақ болған әйел танысына алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бүгінгі таңда облыста қылмыстың өршіген түрі ол – алаяқтық қылмысы. Сондықтан да облыс полицейлері қылмыстың алдын алу мен болдырмау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Атап айтсақ, Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйел арызданып, қызын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұрғызып беремін деп танысы 4 млн теңгесін алдап алып кеткенін көрсеткен. Алайда екі жыл бойы уәде етілген жұмыс та болмаған, не ақша да иесіне қайтпаған.
Аталған жайтты түркістандық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Түркістан полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды анықтады. Орта жастағы күдікті ер адамның жәбірленушіні алдап, ақшаны өзіне алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде.