Ұрланған дизельді сатып алған павлодарлық жауапкершілікке тартылды
Ұрланған дизельді сатып алған павлодарлық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 17 тамызда Ертіс ауданының полицейлері ұрланған дизель отынын сатып алу фактісін анықтады. 42 жастағы ауыл тұрғыны ұрланған 100 литр дизель отынын сатып алғаны анықталды. Енді ауыл тұрғыны жасаған ісі үшін сот алдында жауап беруі тиіс. Сондай-ақ дизельді ұрлап сатқан адам да жауапкершілікке тартылады. Ағымдағы жылы полицейлер ұрланған затты сатып алудың екі фактісін анықтады, сатып алушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазаланды, – деді Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.
Полиция ұрланған затты сатып алғаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 196-бабы «Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу» бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өтті. Бұл бап 20-дан 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуды немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.