Ұрланған көлік өртеніп кетті
Қарағанды облысында автокөлік айдап әкетіп кеткен азамат жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қыркүйек күні Қарағанды облысы Бұқар-Жырау аудандық Полиция басқармасына 47 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны хабарласып, аудан орталығына туысының үйіне келгенде түнгі сағат 1.00 шамасында белгісіз біреу аулада тұрған автокөлігін айдап әкеткендігі туралы арызданған.
Арада біршама уақыт өткенде полицияға ауылдан шыға берісте қатты жылдамдықта жүрген көлік аударылып, өртеніп кеткендігі туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері өртенген көліктің белгісіз біреуден айдап әкеткен көлік екенін анықтады.
Куәгерлер көлік аударылғанда оның ішінен белгісіз азамат шығып, оқиға орынынан ізін суытқанын айтқан. Автокөліктің қатты өртенгені сондай, қайта жөндеуге жарамсыз болған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі үш миллион теңгеден асқан.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлерімен аталған іске қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы күдікті ұсталып, оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 200-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.