Ұрланған көшеттер иесіне қайтарылды
Түркістан облысы Төлеби ауданында полицейлер көшеттерді ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданып, 12 наурыз күні кешкісін белгісіз біреулер бақшасынан алманың жеті көшетін ұрлап кеткенін айтады. Шығын мөлшері – 20 мың теңгенің шамасы.
Бұл дерек Төлеби аудандық полиция бөлімшесімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жақын аймақтарды аралап, қалған іздердің бар-жоғын мұқият тексерді. Учаскелік полиция инспекторлары ауыл жұртынан сұрай келе «бақша ұрысының» ізіне түсті.
Ұзаққа созылған іздеу шаралары кезінде бұрын сотталмаған Төлеби ауданының тұрғыны ұсталды. Ұрланған көшеттер иесін тапты.