Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жоғалған балықшы табылды

Қызылордада 5 наурыздан бері хабарсыз кеткен балықшы табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.Шиелі ауданының тұрғыны өз танысын іздеп жүргенін айтып, полицияға 6 наурыз күні жолыққан. Айтуынша, бір күн бұрын кешкі 5-тер шамасында Телікөл көліне балық аулауға кеткен Н.П. есімді азамат жаяулатып Қызылорда қаласына қарай шығып кеткен. Телікөл – Қызылорда қаласынан Жезқазғанға қарай шамамен 60-70 шақырым жерде екен. Балықшы содан қайтып үйіне оралмаған. Туыстары ұсынған фото мен дәйектерге сәйкес кешенді іздеу жұмыстары жүргізілді.

Жоғалған азаматты тез арада тауып алу үшін Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері де тартылып, іздеуге еріктілер мен жергілікті тұрғындар да бір адамдай атсалысты. Сөйтіп жоғалып кеткен балықшының қайда екені 12 наурыз күні белгілі болды. Шиелі ауданы, Балаби ауылының тұрғыны Бақытжан Палымбетов деген азамат Сұлутөбе ауылының маңындағы “Барша” көлінің аумағынан бейтаныс орыс ұлтының өкілін көргенін ұялы телефон арқылы жергілікті учаскелік полиция инспекторы Дархан Мажихановқа хабарлаған.

Полицияның іздестіру тобы жоғалған азаматты сол төңіректен тапты. Қазір ол үйіне аман-есен оралды. Денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру