Ұрлықтың алдын алу: полицейлер автокөлік иелеріне кеңес берді
Жыл басынан бері Павлодар облысында 23 автокөлік ұрлығы тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында 2025 жылдың басынан бері 23 автокөлік ұрлығы дерегі тіркелді. Полицияның мәліметінше, мұндай қылмыстардың көпшілігі көлік иелерінің салғырттығынан туындап отыр.
– Көлік құралдарын ұрлау жағдайларының басым бөлігі автокөлік иелерінің бағалы заттарды салонда ашық қалдыруына немесе көлікті толық жабусыз тастап кетуіне байланысты орын алады. Қылмыскерлердің басты нысанасы көбіне автомагнитолалар, аккумулятор батареялары, ұялы телефондар мен қолма-қол ақша болады, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері көлік иелеріне қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстануды ескертеді:
-
әрдайым көлікті құлыптап, қараусыз қалдырған кезде барлық терезелер мен люктерді толық жабу;
-
көліктен шыққанда кілттерді тұтану қосқышында қалдырмау, тіпті қысқа уақытқа болса да;
-
қосалқы кілттерді көліктің ішінде сақтамау, жасырған күннің өзінде қылмыскерлер оларды табуы мүмкін;
-
көлікті жарықтандырылған және күзеті бар орындарға қою;
-
салонда бағалы заттарды қалдырмау;
-
рөл құлпы, механикалық блокаторлар және дабыл жүйелері сияқты ұрлыққа қарсы құралдарды орнату;
-
құжаттарды да көлік ішінде сақтамау.
Полиция автокөлік иелерін қырағылық танытып, өз мүліктерін қорғау үшін сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.