Ұры қолды қылған аппаратын сатып үлгерген
Түркістан облысының полицейлері ұрланған дәнекерлеуіш аппаратын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ кезекші бөліміне Қарабұлақ кентінің тұрғыны түнде ауласына белгісіз адамдардың кіріп, құны 170 мың теңге тұратын дәнекерлеуіш аппаратын ұрлап кеткені туралы хабарлайды.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, дереу жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.
Дер кезінде жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде Сайрам АПБ-ның полицейлері бір тәулік ішінде ұрлық жасаған күдіктіні ізін суытпай ұстады. Сонымен қатар барлық мән-жайды анықтау үшін Полиция басқармасына жеткізді.
Анықталғандай ол Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты. Заттай дәлел ретінде дәнекерлеу аппараты алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Тергеу барысында күдіктінің жергілікті тұрғынның ауласында дәнекерлеу аппаратының тұрғанын көріп, арам ойын іске асыру үшін ұрлап кеткені белгілі болды. Ұрлап алған дәнекерлеуіш аппаратты жігіт металл қабылдау орнына өткізген, ал ақшаны жеке басының қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Полиция қызметкерлері ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және бағалы заттарды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
Мүмкіндігінше аулаларды сенімді қоршаумен қоршап, үйлерді бейнебақылау камераларымен, терезелерді темір торлармен жабдықтау қажет.