Малды ұрлап сатқан үш күдікті ұсталды
Алматы облысында ұрланған малды саудалаған үш жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Кеген ауданының полицейлері бірнеше рет бөтеннің қорасынан қой ұрлап, оны заңсыз саудалаумен айналысқан үштікті ұстады.
Кеген аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне түнгі уақытта сарайларынан белгісіз біреулердің қойларын ұрлайтындығы туралы жергілікті тұрғындардан бірнеше арыз келіп түскен.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктілердің 19 жастағы жергілікті тұрғындар екендігі анықталды. Олар өз істерін толығымен мойындап, одан өзге бірнеше ұрлыққа қатысы барларын жайып салды. Топ мүшелерінің бірі өз қолымен әкесінің шаруа қожалығынан ұрлық жасауға көмектескен.
Барымташылардың айтуынша, олар бұл іске ақша үшін барған. Қойларды жергілікті тұрғындарға сатып, ақшаны бөліске салғаннан кейін, аталған қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Күдіктілер ҚР ҚІЖК 128-бабы тәртібінде ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.