Ұшақ жанында темекі шеккен шетел азаматтары жауапкершілікке тартылды
Германия және Литва азаматшалары ұшақта құқық бұзушылық жасағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуекомпания өкілдерінің актісі бойынша «Алматы – Кутаиси» бағытындағы әуе рейсінің екі жолаушысын түсіріп алды. Көлік полицейлері тексеру барысында Германияның 20 жастағы азаматшаларын анықтады. Олар ұшаққа отырғызу кезінде әуе кемесінің жанында темекі шеккен.
Құқық бұзушылардың әрқайсысына 15 АЕК (55 380 теңге) айыппұл салынды.
Дәл сол күні елорда әуежайының көлік полицейлері де екі шетелдік құқық бұзушыны анықтады. Литва Республикасының 54 және 57 жастағы азаматшалары «Алматы – Астана» бағытындағы әуе рейсімен ұшу кезінде өздерін дөрекі ұстап, жолаушылардың тыныштығын бұзған.
Құқық бұзушы әйелдерге қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза көзделген.