Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұшақта құқық бұзушылыққа жол берген жолаушыға айыппұл салынды

Ұшақта құқық бұзушылыққа жол берген жолаушыға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде 44 440 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 4278, қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 3472, темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін 1341 және тағы басқа да құқық бұзушылықтар анықталды.

Мәселен, Камрань-Астана бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуекомпания өкілдерінің актісі бойынша құқық бұзған әйелді түсіріп алды. Тексеру барысында көлік полицейлері елорданың 36 жастағы тұрғынын анықтады. Ол ұшу кезінде әуе кемесінің дәретханасында электронды темекі шеккен.

Жолаушы әйелге қатысты әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетейік, бортта темекі шегу өрт қауіпсіздігі нормаларына қайшы келеді. Ұшақта кез келген ұшқыннан тұтанып кететін тез өртенгіш материалдар көп. Сондай-ақ темекіден шыққан түтін жолаушылар мен ұшақ персоналына қолайсыздық тудырып, зиянын тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру