Ұялы телефон ұрлаған ер адам ұсталды
Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, ол ұялы телефон жөндеу орталығында құны 50 000 теңге болатын телефонын үстел үстіне қойған жерінен белгісіз біреу алып кетіп, таппай қалған. Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.
Хабарлама алысымен аудандық полицейлер шұғыл әрекетке көшіп, оқиға орнына келді. Тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, қажетті іс-шаралар атқарылды. Көрген-білгендерден жауап алынды. Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде ұялы телефонды жымқырған ер адам ұсталды. Қылмыстың ізін суытпай ашқан полицейлер ұрыны сол базар жанынан тауып, айғақты зат ретінде ұялы телефонды тәркілеп алды. Тергеу барысында анықталғандай күдікті бұрын сотты болған жергілікті тұрғын. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында ұялы телефонды ұрлағанын мойындады. Телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылды.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға барынша абай болыңыздар деп ескертеді. Егер де сіз осындай ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.