Ұялы телефон ұрлаған шетелдік Мақтааралда ұсталды
Түркістан облысында ұялы телефон ұрлаған Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда таңғы сағат 09:00 шамасында өзінің тұрғылықты үйінің ауласындағы тапшанның үстінде тұрған IPhone 11 ұялы телефонын белгісіз біреу жымқырып кеткен.
Жәбірленуші әйелге келтірілген жалпы шығын көлемі 350 мың теңгеден астам. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен полиция қызметкерлері оқиға орнына толық құрамда шығып, ұрлық жасаған күдіктіні ұстауға бағытталған шаралардың барлығын жасады. Көршілерден, көрген-білгендердің барлығынан жауап алып, айналаны мұқият тексерді. Нәтижесінде күдікті ретінде Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Айғақты зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Белгілі болғандай күдікті азамат қырыққабат сату мақсатында жәбірленушінің ауласына кірген. Үйінің есігін ұрып, дауыстап шақырған. Алайда ешкім жоқ болған соң, сыртта тұрған ұялы телефонға көзі түскен. Осылайша оңай жолмен ақша табуды көздеп, телефонды алып кеткен. Бірақ полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында теріс пиғылы іске аспады.