Велосипед ұрлап, сатпақ болған жетісайлық ұсталды
Велосипед ұрлап, сатпақ болған жетісайлық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға ер адам арызданды. Ол танысының үйіне жеке жұмыстарымен барып, подъезге Stels велосипедін қойып кеткенін, қайтып шыққанында белгісіз біреулер велосипедін қолды еткенін жеткізді. Өзі бір тәулік бойы іздеп таппаған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Хабар келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жақын аумақтарды аралап, куәлардан жауап алды.
Нәтижесінде, Жетісай АПБ-ның тәртіп сақшылары Азамат Салтөреев пен Айтқали Омаров небәрі бір сағаттың ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Жәбірленушінің велосипеді иесіне қайтарылды.
Тексеру барысында анықталғандай, күдікті оңай олжалы болуды ойлаған. Ол ұрлаған велосипедті сатып, ақшаны бас пайдасы үшін жаратпақ болған. Алайда полиция қызметкерлерінің қырағылығымен арам ойы іске аспай қалды.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.