Велосипедшілермен жасалатын бұзушылықтарды анықтау бойынша рейд күшейтілді
Петропавлдық полицейлер велосипедшілер тарапынан болатын жол қозғалысы қағидаларының бұзушылықтарын ескерту мақсатында рейдтік іс-шараларды жандандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысы қатысушыларының міндеттерін түсіндіріп, ережелерді елемеу үшін қарастырылатын жауапкершілікті еске салады.Соңғы уақытта қала тұрғындары әлеуметтік желілерде велосипедшілердің жол үстінде жүру мәнерін сынға ала бастады. Қос дөңгелекті көлік иелері жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ыңғайсыздық тудырады. Бұны, әсіресе, облыс орталығындағы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған Қазақстан Конституциясы көшесінен байқауға болады. Осыған байланысты патрульдік полиция профилактикалық рейдтерді күшейтті. Сақшылар «велошабандоздарға» жол жүрісі қағидаларының негізгі тармақтарын түсіндіріп, арнайы шлемдер мен тізе қорғаныштарын киюге кеңес береді.
Кішкентай балалар мен жасөспірімдер ересектердің жүру мәнерін көріп өседі. Сондықтан ересектер жол үстінде сақ болып, қателіктер жібермегендері абзал.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, велосипед мінген адамдар жолдың оң жақ шетімен не болмаса жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей тротуармен жүруі қажет. Жол жүрісі қағидалары бұзылған жағдайда велосипедшілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл баппен екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Соңғы жылдары велоәуесқойлар саны біршама артқан. Полицейлер айтып өткендей, бұл көлік түрін пайдаланушылар жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей қозғалғаны дұрыс. Велосипед спортының тәжірибелі шеберлері де жол үстіндегі тәртіпті сақтауға шақырады:
– Көпшілігі жаяу жүргіншілер өткелінде велосипедтерінен түспейді. Тротуарларда жүрген тұрғындарға ыңғайсыздық келтіреді. Қазақстан Конституциясы көшесінде балаларын ерткен аналар, жүкті қыз-келіншектер серуендеп жүреді. Негізінен велосипедті жастар мінеді. Адамдарды қағып кеткен кездер де болды. Барша велосипедшілерді тәртіпті болуға шақырамын. Жол жүрісі ережелерін сақтаңыздар! Жол үстінде абай болыңыздар!, – дейді Петропавл тұрғыны Елена Сафронова.
Жыл басынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 615-бабын бұзғаны үшін 2700-ден астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында велосипедшілерді қағып кетумен байланысты екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан екі адам қайтыс болып, екі адам жарақат алды.