Заңсыз ағаш кесудің 2 фактісі анықталды
Қостанайлық полицейлер ағаштарды заңсыз кесудің 2 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының аумағында 15-31 желтоқсан аралығында Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында қылқан жапырақты жас ағаштарды заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сатудың жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
Қазіргі таңда табиғат қорғау органдарымен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп 24 мобильді топ құрылды, 425 рейдтік іс-шара өткізілді, қылқан жапырақты массивтерді, орман шаруашылықтарын аралау жүзеге асырылуда. Сондай-ақ орман қорғау органдарының күшімен негізгі жол бекеттерінде қылқан жапырақты ағаштардың жас шыбықтарын күзету бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
– Рейдтік іс-шаралар барысында 476 көлік құралы тексерілді, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 381-1-бабы бойынша 2 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олар қарағай тұқымдас 2 қылқан жапырақты ағашты заңсыз кесіп тастаған, – дейді Қостанай облысы ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясының бастығы Талғат Ахметов.
28 желтоқсанда Лисаков қаласының Октябрьский кентінде жергілікті тұрғын қарағай тұқымдас бір қылқан жапырақты ағашты заңсыз кесіп, мемлекетке 15 АЕК шығын келтірді. Осыған ұқсас факт Жангелдин ауданының Сужарған кентінде де тіркелген.
Облыстың ЖПҚБ қызметкерлері қылқан жапырақты ағаш түрлерін сататын орындарда оларды сатуға арналған рұқсаттардың және тиісті құжаттардың болуына тексеруді жүзеге асырады.
Бүгінде қылқан жапырақты ағаштарды сату үшін тиісті құжаттары бар 26 сауда орны тексерілді.