Заңсыз киік аулаған қызылордалықтар ұсталды
Қызылордалық полицейлер заңсыз киік аулаған облыс тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 тамыз күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Арал аудандық полиция бөлімі мен Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері рейд жүргізу барысында ашық далада Құланды елді-мекен аумағында заңсыз киік аулаған азаматты ұстады.
Тексеру барысында Арал ауданы Құланды елді мекенінің тұрғынынан екі бас ақбөкен тәркіленді. Қазіргі таңда, бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-1-бабы 1-бөлігімен (Киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.