Петропавл тұрғынының көлігінен маралдың еті табылды
Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулау фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданының тұрғынының көлігінен атып алынған маралдың еті табылды. Учаскелік полиция инспекторлары Әсет Тоқтабаев пен Сергей Емельяновтың 8 мамыр сағат 23 шамасында Александровка селосының маңында екі ер адам мінген көлік назарына ілігеді. Полицейлер көліктің артқы орындығында аңшы қаруы мен жүксалғышынан аңның етін табады. Оқиға орнына Есіл ауданының ПБ жедел-тергеу тобы шақырылды.
32 жастағы ауыл тұрғыны мен Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны маралды атып алғандарын мойындады. Заңсыз аңшылық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Көліктен патрондар мен сыра шөлмектері алынды. Қазіргі уақытта күдіктілер міндетті келу туралы қолхатпен жіберілді.
Барлығы жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аңшылықтың 10 фактісі анықталды, оны жасаған үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. 200-ге жуық солтүстікқазақстандық жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейдтік іс-шаралар барысында Тайынша ауданында петропавлдық ұсталып, оның жол талғамайтын көлігінің салонынан екі жабайы қаздың еті алынды. Аңшыға ҚР ӘҚтК 382-бабын бұзғаны үшін бес айлық есептік мөлшерінде айыппұл, сондай-ақ келтірген шығын үшін 50 мың теңге төлеуіне тура келеді.
«Қазіргі уақытта облыс аумағында аң аулауға тыйым салынғанын естеріңізге саламыз. Құстарды, сондай-ақ жабайы жануарларды заңсыз атумен байланысты барлық іс-әрекеттер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген», – деп тоқтала кетті СҚО ПД табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.