80 жастағы қарағандылық әйел шабуылдаушыға соққы берді
Қарағанды облысында зейнеткер сөмкесін алып кетпек болған шабуылдаушыға қарсылық көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 мамырда Қарағанды облысы Саран қаласының полиция бөліміне 80 жастағы зейнеткер әйелдің әртүрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жатқызылғаны туралы шұғыл хабарлама түсті. Полицейлер зейнеткердің өзін тонамақ болған адамға қарсылық көрсету кезінде дене жарақатын алғанын анықтады.
Таңертең ерте үйден шыққан қария шіркеуге бет алған. Екі үйдің арасынан жүрген кезде белгісіз біреу оған шабуыл жасайды. Ер адам күш қолданып, сөмкені тартып алмақ болғанымен, қария қарсылық танытып, қолындағы сөмкемен қарақшыға қарсы бірнеше соққы жұмсап үлгерген. Мұндай қатал тойтарыс күтпеген ұры жасырынуды жөн көріп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191 бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.1 маусымда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 25 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.