Зерендіде тұрғын көкнәрді заңсыз өсірген
Ақмола облысының полицейлері көкнәрді заңсыз өсіру фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері өзінің жеке жер учаскесінде көкнәр өсімдігін заңсыз өсірген күдікті адамды ұстады.
Ағымдағы жылғы 1 тамызда Зеренді ауылында Зеренді ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторы М. Бекенов өзінің әкімшілік учаскесін аралау барысында тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін анықтады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, осы жылдың мамыр айында Ақмола облысының тұрғыны өзінің жеке учаскесінде көкнәр тұқымын сепкен. Ер адам бақшаға есірткі бар өсімдікті отырғызып, оны баптап, арамшөбін жұлып, суарып, күткен.
Полиция қызметкерлері барлығы жеті бұта мен 123 жас өсімдік тәркіледі. Кептірілмеген көкнәрдің жалпы салмағы – жарты келі.
Барлық өсімдіктер зерттеуге жолданды, оның қорытындысымен өсімдіктердің құрамында есірткі бар екені анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабының 1-бөлігі (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы баптың санкциясы екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.