Жайылымнан мал ұрлаған екеу ұсталды
Түркістан облысының полицейлері жайылымнан мал ұрлаған екеуді ұстап, қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-не Шәуілдір ауылының тұрғыны арызданады. Ер адамның айтуынша, оның егістік алқабында жайылып жүрген сегіз бас сиыры мен бір бас тайын белгісіз біреулер түнгі уақытта жымқырып кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі екі миллионнан астам теңгені құрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен тіркелді.
Аудандық полицейлер ақпарат алысымен тез арада әрекетке көшті. Барлық қажетті шараларды іске асырды. Жедел-тергеу тобы оқиға орнынан көлік терезесінің сынған бөліктерін тапты. Содан жол бойында, көшелерде орналасқан бейнебақылау камераларынан сол түні жүріп өткен көліктерді түгел тексеріп шықты. Біршама уақытта күдікті көлікті тауып, оның кімге тиесілі екенін анықтады. Осылайша тәртіп сақшылары өздерінің үш күндік тиянақты жұмыстарының арқасында күдіктілердің ізіне түсіп, мал ұрлады деген күдікпен тұрғылықты мекен-жайынан екі азаматты ұстады. Олар Ордабасы ауданының бұрын сотты болған тұрғындары болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті екеу түнгі уақытта ешкім жоқтығын пайдаланып, өздерінің «Mersedes Bens 410D» маркалы көліктерімен арнайы келіп, қараусыз жүрген малдарды тиеп әкеткен. Осы кезде көлікке ірі-қара малдар симай терезесі сынған. Олардан ұрланған сегіз бас сиыр мен бір бас тай тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде ауыл тұрғыны тәртіп сақшыларына шынайы алғысын айтты:
– Аяқ асты күндіз тексеріп көріп кеткен малдарым, келесі күні таңертең барғанымда жоқ болды. Дереу «102»-ге хабарластым. Полицейлер бірден іздестіру жұмыстарын жүргізіп, малдарымды тауып берді. Үлкен рақмет!, – деп ризашылығын білдірді тұрғын.
Сондықтан полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.