Жалған куәлікпен көлік жүргізген жүргізуші ұсталды
Көкшетау қаласындағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көлік құралын басқару құқығына жалған куәлік қолданған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылғы 4 қарашада «Әскер-8» автопатруль экипажы жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру кезінде облыс орталығы көшелерінің бірінде Солтүстік Қазақстан облысының 20 жастағы тұрғынының жүргізуіндегі «Mitsubishi Galant» маркалы автокөлігін тоқтатты.
Көлік құралын тоқтатуға ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабында көзделген (Жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісінің өзге де қатысушыларына қозғалыс кезінде артықшылық бермеу) ЖҚЕ бұзуы негіз болды.
Құжаттарды тексеру кезінде бұл жүргізуші полиция қызметкерлеріне жалған жүргізуші куәлігін бергені анықталды. Осыған байланысты, полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігі (Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша тағы бір әкімшілік хаттама толтырды.
Ал көлік құралын басқару құқығына көрінеу жалған куәлікті заңсыз пайдалану негізінде Көкшетау тәртіп сақшылары ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау) бойынша сотқа дейінгі іс бастады.