Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде студенттерге телекөпір ұйымдастырылды
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемесінде Тараз мамандандырылған колледжінің студенттері мен мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтардың қатысуымен телемост ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, "Заң мен тәртіп" қағидатын кеңінен насихаттау және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Телемост барысында заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың салдары, азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы тәртіптің маңыздылығы жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Сонымен қатар, сотталған азаматтардың өмірлік тәжірибесі арқылы заң бұзудың адам тағдырына тигізетін кері әсері мен оның салдарына назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, жастарды заң талаптарын құрметтеуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және әрбір әрекет үшін жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Осындай тәрбиелік бағыттағы кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға және қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
