Жамбыл облысы ПД басшылығы аудан-ауылдардың тұрғындарын қабылдады
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Жамбыл облысы ПД басшылығы аудандарда азаматтарды қабылдау жүргізіп жатыр. Осындай кезекті кездесу Сарысу ауданында өтті. Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Сматов аудан орталығының ғана емес, шалғайдағы ауылдардың да тұрғындарын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңатастық тұрғын танысының қайтарымсыз грант алуға көмектесу туралы уәдесіне сеніп, оған үлкен сомада ақша берген және онымен бірге соңынан 42 адам ерген. Бұл іс ПД бастығы орынбасарының ерекше бақылауына алынды. Қоғам белсендісі мектеп жанына жол белгілерін орнатуды айтты. Ол сондай-ақ мөлтек аудандардың ішіне бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін атап өтті.
Қар мен жауын-шашыннан өшіп қалған жол белгілерін ретке келтіру үшін аудан әкімдігіне нұсқама жолданды. Мәселе ең қысқа мерзімде шешілетін болады. Ал бейнебақылау камералары Жаңатастың моноқала ретінде даму жоспары аясында орнатылады. Тоғызкент ауылының тұрғыны жайылымдағы малдардың тас жолдың бойына шығып кету мәселесіне назар аударды. Қанат Сматов аудандық полиция бөліміне қараусыз жүрген мал иелерін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселенің бірі – нашақорлықпен күрес. Оны ұлдары есірткі саудасы саласындағы қылмыстары үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан азаматша атап өтті. Ол ауданда есірткіге тәуелділерді емдеу орталығын ашу керек деп санайды.
ІІО ардагерлері де өз тілектерімен жүгінді. Олар жас қызметкерлерді патриоттық тәрбиелеу, штат санын көбейту қажеттілігі туралы айтты. Сондай-ақ қылмыстық істерді тергеу барысына қатысты сұрақтармен де келген бірқатар тұрғындар болды.
Қ.Сматов барлық өтініш бойынша толыққанды түсіндірме беріп, АПБ бастығына нақты тапсырмалар берді.