Жамбыл облысы ПД бастығы батыр полицейлерді марапаттады
Жамбыл облысы ПД бастығы батыр полицейлерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін қатерге тіге отырып, көзсіз батырлық танытқан полиция қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттады.
Ағымдағы жылдың 19 ақпанында Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында кәсіби шеберлігі мен қызметке деген адалдығын көрсетіп, өздеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан қарулы қылмыскерді құрықтаған болатын.
Полиция қызметкерлерінің қызметтік борышын атқарудағы батылдығы мен жанқиярлығын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та жоғары бағалады.
Жуырда ҚР Президентінің жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Сарысу АПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Бекен Қонысовты полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин арнайы құттықтап, өз атынан алғыс хат пен «Қазақстан полициясына 30 жыл» атаулы сағатын тапсырды.
Сондай-ақ Сарысу АПБ учаскелік полиция инспекторлары Абзал Асаубай мен Фархат Өтепбергеновке ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады.
Тағы бір Сарысу АПБ-ның учаскелік инспекторы Руслан Көрпебаев пен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Ғабиден Егембердиев «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар жақын күндері полиция департаментіне тараздық ата-аналар хабарласып, мұздың бетінде жүріп суға түсіп кеткен балаларын құтқарған полиция қызметкері туралы хабардар еткен болатын.
Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында полиция лейтенанты Қайрат Тұрлыбаев жұмысқа барар жолда Саңырақ батыр көшесі маңында автокөлігімен өтіп бара жатып, балалардың айқайлаған дауысын естіген. Полиция қызметкері ойланбастан оларды тауып алып, үстіндегі киімімен терең суға секіріп, батып бара жатқан екі кішкентай баланы судан алып шыққан. Содан соң екеуін үйлеріне жеткізіп, ата-аналарына табыстаған. Бұл әрекетін ол ерлік деп санамай, қарапайымдылық танытып, болған оқиға туралы ешкімге айтпаған.
Қайрат Тұрлыбаев азаматтық борышы мен антына адалдық танытып, кәмелетке толмаған балалардың өмірін құтқарып қалғаны үшін ПД бастығының алғыс хатымен марапатталды.
– Сіздер осы істеріңізбен жұмысқа берілген, нағыз қайсар, кәсіби маман екендеріңізді көрсетіп, басқа әріптестеріңізге үлгі болып отырсыздар. Алдағы уақытта да елге адал қызмет етіп, тек биіктен көрінеді деп сенемін, – деп Арманбек Баймурзин марапат алған барша полиция қызметкерлеріне ақжарма тілегін білдірді