Жамбыл облысында “Парк-Райт” жасырын патрульдеу кешендері жұмыс істейді
Жамбыл облысы жолдарында “Парк-Райт” жасырын патрульдеу кешендері жұмыс істеуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмау, сондай-ақ жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында Жамбыл облысы аумағында “Парк-Райт” атты 10 мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істеуде. Бұл құрылғылар жасырын патрульдеу режимінде барлық автожолдарда қолданылады.
Жыл басынан бері Жамбыл облысы жолдарында 1099 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1669 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Жол апаттарының негізгі себептерінің бірі жылдамдықты асыру жағдайлары болып қалуда.
Мобильді “Парк-Райт” кешендерін пайдалану, әсіресе көлік қозғалысы тығыз әрі жылдамдық режимі жиі бұзылатын учаскелерде жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Аталған құрылғылар жылдамдықты асыру және өзге де құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді, әрі өз орналасқан орнын көрсетпейді. Бұл бақылау шараларын едәуір тиімді етеді.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану және көлік жүргізу кезінде мұқият болу керектігін қатаң ескертеді.