Жамбыл облысында электр тогының көмегімен жасалған браконьерлік дерек анықталды
Жамбыл облысында электр тогының көмегімен жасалған браконьерлік дерек анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байзақ ауданының полиция бөлімі табиғатты қорғау тобының полиция қызметкерлерімен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде Ақжар ауылындағы Талас өзенінің маңында Volkswagen Golf автокөлігі тоқтатылды. Көліктегі екі адамның балық аулаудан оралғаны анықталды.
Тексеру кезінде автокөліктің багажы мен салонынан жалпы салмағы шамамен 20 келі болатын балық салынған қапшық, резеңке қайық, балық аулау құралдары, терең металл тор, электр сымдары, электрлі қармақ аппараты, аккумулятор табылды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қазіргі уақытта істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау үшін барлық қажетті тергеу-жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысының полиция департаменті электрлі қармақпен балық аулау заңсыз екендігін және мүлдем тыйым салынғанын ескертеді. Бұндай құралмен балық аулау браконьерлік қылмыс. Электрлі қармақты қолданудың зияны орасан зор, тек балық ресурстарын ғана емес, сонымен бірге тоғандағы басқа да су жануарлар жойылады. Электрлі қармақты бір рет қолданғаннан кейін су қоймасының қалпына келуі ұзақ уақытты алады.