Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші масаң күйде рөлге отырып, ЖКО-ға жол берді

Жамбыл облысында өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат қайтадан мас күйінде көлік тізгіндеп, салдарынан жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байзақ ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне 19 жастағы жергілікті тұрғыннан оқиға орнына шақырту келіп түсті. Жас жігіт сағат 18:30-да Сарыкемер ауылындағы көшелердің бірінде ВАЗ-21099 маркалы автокөлігін басқарған ер адам өзінің Volkswagen Golf 3 маркалы көлігімен соқтығысқанын хабарлаған.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мастықтың айқын белгілері бар құқық бұзушыны ұстады. Ол Сарыкемер ауылының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам медициналық куәландыру орнына жеткізілді. Тексеру қорытындысына сәйкес, ол рөлде «ауыр» дәрежелі мас күйінде болған.

Сонымен қатар, 32 жастағы жүргізушінің осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін соттылығы бар екендігі де анықталды. 2021 жылдың қарашасында сот оны 2,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеп, өмір бойы көлікті басқару құқығынан айырған.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабының 2-бөлігі бойынша (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде жүрген адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тиісті сараптамалар кешені тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

– Полиция қызметкерлері жүргізетін үздіксіз және күнделікті профилактикалық іс-шараларға қарамастан, кейбір жүргізушілер тарапынан заңды құрметтемейтін, жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін осындай құқық бұзушылық деректері анықталуда. Әрбір адам мас жүргізушінің қылмыскер екенін білуі керек. Көбінесе мас күйінде көлік басқарған адамдар салдары ауыр көлік апатына себепкер болуда. ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігінің (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде жүрген адамның көлік құралын басқаруы) санкциясына сәйкес, 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы көзделген, — деп хабарлады Жамбыл облысының ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Ержан Мананбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру