Жамбыл облысында мектеп бітіру кештерін мерекелеу оқыс оқиғасыз өтті
Өңірде мектеп бітіру кештері кезеңінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық ортаға кіргізбеу мақсатында кең ауқымды жұмыс жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын жерлерде патрульдік қызмет жасақтарын күшейтті, жаяу және автопатрульдеуді ұлғайтты, шомылу орындарын бақылауға алды.
Қоғамдық тәртіпті бұзбау, оның ішінде мектеп түлектерінің қатысуымен жол-көлік оқиғаларына жол бермеу үшін жағдайды бақылау бойынша жедел штабтар жұмыс істеді.
Ойын-сауық мекемелері құқық қорғау органдарының назарында болды. Мектеп бітіру кештеріне арналған барлық іс-шараларда ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар қатарынан кезекші жасақтар қойылды, олар іс-шара басталғаннан бастап оның аяқталуына дейін түлектермен және олардың ата-аналарымен бірге жүрді.
Түнгі рейд барысында кәмелетке толмағандардың жүруі мүмкін ойын-сауық орындары, саябақтар, скверлер, аллеялар мен аулалардың барлығы ювеналды полицейлердің назарында болды.
– Мобильді топтар 60-тан астам әкімшілік құқық бұзушылықты, оның ішінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 51 дерегін анықтады. Сағат 22:00-ден кейін ата-анасыз ойын-сауық орындарында 8 кәмелетке толмаған жасөспірімнің болуына жол бергені үшін 3 кафенің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 21 жасқа толмаған адамға алкогольдік ішімдіктерді сатудың 1 дерегі, ата-ана міндеттерін тиісінше орындамаудың 1 дерегі анықталды. Жалпы күш-жігерімізбен біз бұл күнді оқыс оқиғасыз өткізіп, жасөспірімдердің ойластырылмаған әрекеттерінің теріс салдарын болдырмауға қол жеткіздік, – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.