Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полицейлер білім мекемелерінде 2 мыңға жуық кездесу өткізді

Жамбыл облысында жыл басынан бері полицейлер білім мекемелерінде екі мыңға жуық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Негізгі назар заң нормаларын түсіндіруге және жастар арасындағы қылмыстардың алдын алуға аударылуда. Кездесулер барысында полицейлер жасөспірімдерге қылмыстық әрекеттерге тартылудың қауіптілігі туралы айтып, нақты мысалдар келтірді. Ерекше назар есірткі заттарын, алкоголь мен темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуға, сондай-ақ топтық жанжалдар мен буллингтің теріс салдарына бөлінді.

Іс-шаралар әңгімелесу форматында өтті, онда құқық қорғаушылар психологиялық қиындықтарды қалай еңсеру керектігі, айналадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау және заңсыз әрекеттерге қатысудан қалай сақтану туралы айтты. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі қылмыстарының алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.

Осы бағытта полиция қызметкерлері білім беру мекемелерімен бірлесіп, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған 25 спорттық іс-шара ұйымдастырды. Полицейлер кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартудың алдын алу үшін белсенді жұмыс атқаруда. Есірткінің таралуымен күресу мақсатында "Narco Shekteu Taraz" Telegram арнасы құрылды. Бұл арна қала тұрғындарына есірткі сатумен айналысатын сайттар мен интернет-дүкендер туралы анонимді түрде хабарлау мүмкіндігін береді.

Бұл шаралар жасөспірімдер қылмысының деңгейін төмендетуге ғана емес, сонымен қатар жастардың өз денсаулығы мен мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға да көмектеседі.

Айта кетейік жыл басынан бері облыстағы білім беру мекемелерінде әртүрлі профилактикалық тақырыптар бойынша екі мыңға жуық дәріс пен әңгімелесу өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру