Жамбыл облысында қолайсыз ауа райының салдарынан 26 көліктің қатысуымен ЖКО болды
Жамбыл облысында қолайсыз ауа райының салдарынан 26 көліктің қатысуымен ЖКО болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін сақтау, қолайсыз ауа-райында жолға шықпау туралы бірнеше мәрте ескертулеріне қарамастан, жүргізушілер ережені бұзуды жалғастыруда: жылдамдықты асырып, қашықтықты сақтамайды, жазғы шиналармен жүреді, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады.
2024 жылы 31 қаңтарда сағат 10:47-де Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөліктің (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көліктер) қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.
ЖКО салдарынан қаза тапқандар жоқ. Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді.
Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасауда, оқиғаның мән-жайлары анықталуда.