Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда 7 “SOS” түймесі орнатылды

Талдықорғанда 7 “SOS” түймесі орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда заңсыз әрекеттер туындаған жағдайда дабыл белгісін беруге және полицияны шұғыл шақыруға арналған 7 “SOS” түймесі орнатылған.

– Бұл шұғыл шақыру құрылғылары азаматтар көп жиналатын – саябақтар, алаңдар және басқа да қоғамдық жерлерде құқыққа қайшы әрекеттер жасалуы мүмкін орындарда орнатылған. Азаматтар осы құрылғының батырмасын басқан кезде жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен жедел байланысып, құқық бұзушылық туралы хабарлауға немесе көмек сұрауға мүмкіндігі бар. SOS батырмасында бейнекамера орнатылған, оның көмегімен бейнетүсірілім қамтамасыз етіледі, ал сол камераға орнатылған динамиктер полиция қызметкеріне батырманы басқан тұлғамен аудио байланыста болуға мүмкіндік береді. Барлық деректер жүйемен автоматты түрде бекітіледі. Батырмалардың орналасқан жерлері бейнебақылаумен жабдықталған, бұл Жедел басқару орталығының қызметкеріне қалыптасқан жағдайды өз бетінше бағалауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Талдықорған КПБ ЖБО-ның бастығы Айдын Ибраев.

Қазіргі уақытта, “дабыл түймелері” қаланың жеті жерінде орналасқан: Назарбаев даңғылы, Біржан сал көшесінің қиылысында ЦУМ сауда үйінің жанында, Қабанбай батыр көшесі, Атамекен мейрамханасының жанында, Жансүгіров көшесі, Синойл ЖҚС жанындағы 9 алаң аялдамасында, Жансүгіров көшесі, Нұр Отан аялдамасының жанында, Алдабергенов көшесі, Дәулет сауда үйінің жанында, Балапанов көшесі, Олимпиадалық жүзу бассейіннің жанында, Жастар саябағында.

Естеріңізге сала кетейік, полицияның қолжетімділігі, цифрландыру, процестерді автоматтандыру – адамның қажеттіліктеріне бағдарланған жұмыстың сервистік моделін құрудың негізгі факторларының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру