Жамбыл облысында құжатсыз жүрген азаматтардың мәселелері бойынша брифинг өтті
Жамбыл облысында құжатсыз жүрген азаматтардың мәселелері бойынша брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті БҰҰ-ның Қазақстандағы Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп, 2020 жылдан бастап кең ауқымды акция өткізуде. Оның мақсаты – азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және оларға ҚР азаматы мәртебесін алу үшін құжаттарды ресімдеуге көмектесу.
Брифингте құжатсыз тұратын адамдардың құқықтық мәртебесін реттеу мәселелері қаралды.
– Құжаттардың болмауы адамдардың өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын шектейді. Олар өздеріне қажетті жәрдемақыларды ресімдей алмайды, денсаулық сақтау, білім беру қызметтерін пайдалана алмайды, басқа да мемлекеттік қызметтерді ала алмайды. Көші-қон қызметі олардың мәртебесін анықтауға көмек көрсетеді және ҚР азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның құжаттарын ресімдейді, – деп атап өтті ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің Азаматтық, иммиграция және эмиграция басқармасының бастығы Ғани Шымырбаев.
Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық бюро директорының орынбасары Денис Дживага аталған науқан еліміздің барлық өңірлерін қамтитынын, азаматтығы белгісіз тұлғалар бойынша нақты статистикалық деректерді анықтауға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ құжаттары жоқ адамдарға олардың құқықтық мәртебесі мен құқықтық сәйкестігін айқындау жөніндегі жағдайды шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жамбыл облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев өңірде жыл басынан бері ҚР аумағында құжаттары мен құқықтық мәртебесі жоқ 367 адам анықталғанын хабарлады. Олардың көпшілігі туу туралы куәлікпен өмір сүрген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл бұрын жеке куәліксіз тұрған 288 азамат құжаттарын алды.
Брифинг соңында спикерлер құжаттандыру үшін азаматтардың тұрғылықты жері бойынша аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметіне жүгінуі қажет екенін атап өтті, онда бұл мәселені заңда белгіленген мерзімде шешуге көмек көрсетіледі.