Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

21 шілдеден бастап "Тасымалдаушы" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдау деректерін анықтау, жолаушылар тасымалы саласындағы заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара аясында мобильдік топтар құрылып, олардың құрамына полиция қызметкерлері, көлік инспекциясы, мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері және қоғам өкілдері кірді. Олар бірлесіп заң бұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға бағытталған рейдтер жүргізуде.

Жергілікті атқарушы органды ескертпестен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер мен заңсыз автобекеттердің жұмыс істеуіне ерекше назар аударылуда. Қауіпсіздік талаптарын бұза отырып қайта жабдықталған көліктер, соның ішінде автобустар, минивендер мен таксилер тексерілуде.

Іс-шараның тағы бір мақсаты - такси жүргізушілерінің қызметін бақылауға арналады. Белгіленген талаптарға сай келмейтін – оң жақ рөлді, бүйірлік есігінің төрттен аз, қолмен басқарылатын көлік құралдарын пайдаланып жолаушыларды тасымалдау қызметін заңсыз көрсету деректері тексерілуде.

Жеке тасымалдауды жүзеге асыру кезінде көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтары да анықталады. Рейдтік іс-шараларға қатысушылар барлық бұзушылық дерегін тіркеп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шараларды қолданатын болады.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректеріне баса назар аударылуда. Полиция қызметкерлері көлікті мас күйінде басқару, жылдамдықты арттыру, басып озу, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы жүру кезіндегі бұзушылықтарды, сондай-ақ қауіпсіздік белбеулері мен балаларды ұстау құралдарын пайдалану талаптарын елемеу деректерін анықтауда.

Бұдан басқа, адамдар көп жиналатын орындарда - әуежайлар мен теміржол вокзалдарында такси қызметтерін ұсынудағы ұқыпсыздық пен өрескелдіктің жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзушылар және сот шешімдерін орындаудан жалтарған адамдар туралы барлық дерек "Қорғау" жүйесіне уақытылы енгізіледі. Бұл құқық бұзушыларды тиімді қадағалауға және әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру