Жамбыл облысында жасөспірімдердің 225 ата-анасы жауапқа тартылды
Жамбыл облысында жасөспірімдердің құқық бұзушылықтары үшін 225 ата-анасы жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында Жамбыл облысының полиция қызметкерлері ұдайы рейдтік іс-шаралар кешенін өткізеді. Аталған міндеттерді іске асыру және іс-қимылдарды үйлестіру үшін облыс орталығының полиция бөлімдеріндегі ювеналды полиция инспекторларын, білім басқармасының өкілдерін, еріктілерді және өзге де мүдделі органдарды тарта отырып, жұмыс топтары құрылды.
Мысалы, облыстың 7 ойын-сауық мекемесінде полиция қызметкерлері 22:00 сағаттан кейін ересектердің еріп жүруінсіз мекемеден тыс болған 15 жасөспірімді анықтады, кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Кафе иелері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл төледі және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған адамға алкоголь сату деректері анықталды. 6 дүкеннің иесі Қазақстан Республикасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды және аталған құқық бұзушылықтары үшін 40 АЕК (147 680 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Облыста небәрі 7 күн ішінде 65 рейд жүргізілді, оның барысында ІІО-ға 190 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. 225 ата-ана мен өзге де ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түнде заңды өкілінсіз жүргені үшін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 10 жасөспірім орналастырылды.
– Күн сайын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Ювеналдық полицейлердің басты міндеті – балалардағы мүмкін қиындықтардың алдын алу және олардан қорғау. Ата-аналарға балаларының бос уақытын және араласатын ортасын әрдайым назарда ұстап, бақылауын ескертеміз. Ата-аналар тарапынан кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы мен іс-әрекеттеріне тәрбиелік ықпалдың және бақылаудың болмауы олардың құқыққа қайшы әрекеттер жасауына себеп болуы әбден мүмкін, – деді Әлішер Қалышев.