Жамбыл облысында жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша кеңес өтті
Жамбыл облысында жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша кеңес өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қатысушылар кездесуде мал жаю ережелерін бұзу салдарынан болатын жол апатының саны артқанын атап өтті.
Жыл басынан бері үй жануарларының кінәсінен 12 дерек тіркелгенін және бірнеше адамның ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгенін, жеті көлік қалпына келтірілмейтіндей соқтығысқанын хабарлады.
– Малды қараусыз қалдыру ұрлыққа ғана емес, адам өліміне де әкеледі. Жолдың үстінен бақылаусыз өтетін жануарлар көбінесе ауыр көлік апатына әкеп соғады. Шаруалар үй жануарларын қараусыз жіберіп, біреу үшін бұл жағдай қайғылы оқиға болуы мүмкін деп алаңдамайды. Мал бағу арнайы бөлінген орындарда және міндетті түрде бақылауда болуы керек, — деді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Мадияр Қожахметов
Үй жануарларының кесірінен жиі болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жануарларға қараңғыда көрінетін шағылыстырғыш элементтерді тағу ұсынылды.
Сондай-ақ заңға бағынуды насихаттау бойынша шараларды жүзеге асыру, шаруа қожалықтарының иелері арасында бірлескен профилактикалық жұмыстарды жүргізу, жайылымдағы малды жүріс бөлігінен шығару шаралары талқыланды.