Жамбыл облысының полицейлері синтетикалық есірткінің қаупі туралы ескертеді
Жамбыл облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында жастардың қатысуымен есірткіге қарсы кездесулер өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – психологиялық тәуелділік алғашқы дозадан кейін-ақ тууы мүмкін жаңа синтетикалық есірткілердің төтенше қауіптілігі туралы ескерту.
– Есірткі – психикалық күйдің өзгеруіне әкеп соғатын өсімдік немесе синтетикалық түрдегі химиялық заттар. Есірткіден басқа орталық жүйке жүйесіне бірдей күшті әсер ететін жеке психотроптық заттар да үлкен қауіп төндіреді. Психоактивті заттарға кейбір дәрі-дәрмектер, улы заттар (желім, бензин), алкоголь, темекі өнімдері жатады. Соңғы уақытта жастар арасында спайс темекі қоспалары кеңінен таралып жатыр. Психоактивті заттар мидың жұмысына әсер ететіні белгілі, шындықты қабылдау үрдісі бұрмаланып, теріс бағытта өрбиді, адам өзін бақылай алмайды, бақыланбайтын эмоциялар, ашуланшақтық пайда болады, адам депрессиядан зардап шегеді, – деді облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Полицейлер нашақорлықтың жағымсыз салдары тым көп екенін және оларды байқамау мүмкін еместігін, сондай-ақ зардабы ауыр екенін еске салды. Себебі адам еркін және саналы тұлға ретінде әрекет етуді тоқтатады. Мұндай адамдар тез және оңай пайда табуды көздейді, заң мен мораль қағидаларын жоққа шығарады. Полиция департаменті қоғамды осындай қауіпті үдерістерге назар аударуға шақырады.