Жамбыл облысының полицейлері жарты тоннаға жуық есірткі тәркіледі
Жамбыл облысының полицейлері жарты тоннаға жуық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 желтоқсанда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тұрар Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылынан 60 шақырым қашықтықтағы құмды аумақта 47 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Ваз-2121 автокөлігін тоқтатты.
Автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыштан екі қапшық гашиш есірткі заты табылды. Одан бөлек, сол орыннан 2 шақырым қашықтық жерде целлофаннан екі күркеше жасап, 36 қап марихуана мен 1 қап гашиш есірткі заттарын жинап қойғаны анықталды. Сондай-ақ, есірткі құралдарын илейтін екі елек табылды. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 472 келіден асты, оның ішінде 369 келі 588 грамм кептірілген марихуана және 102 келі 760 грамм гашиш болып шықты.
– Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталған 47 және 30 жастағы күдіктілер өз кінәлерін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев