Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысының тұрғыны неміс атыс қаруын полицияға тапсырды

Атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалған қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ІІМ халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді сатып алу бойынша республикалық акция өткізеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл бұл акцияға республикалық бюджеттен 88,8 млн теңге бөлінді. Қару-жарақ заттарын қабылдау әрбір аумақтық полицияда жүргізіледі.

Іс-шараның алғашқы күндерінде ішкі істер органдарына өз еркімен 47 азамат жүгініп, 88 атыс қаруын және 1,5 мыңнан астам патронды тапсырды. Азаматтар көбінесе полицияға туыстарынан қалған қаруды тапсырады.

Мысалы, Жамбыл облысында ер адам екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі неміс жаяу әскер дивизияларының қаруында тұрған “Маузер” неміс қаруын полицияға өткізді. Ол үйдің шатырын тазалау кезінде мылтықты тауып алған. Акция туралы біліп, оны құқық қорғау органдарына тапсыруға шешім қабылдады.

Сонымен қатар Баянауыл тұрғыны тәртіп сақшыларына тіркелмеген қарудың үш бірлігін тапсырды. Сондай-ақ акция барысында Алматы тұрғыны марқұм атасынан қалған тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы мылтығын өз еркімен тапсырды.

Барлық тапсырылған қару арнайы есепке алу бойынша тексеріледі, криминалистикалық сараптамалар тағайындалады.

Айта кетейік, қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың техникалық жағдайына байланысты оның әрбір бірлігі үшін оннан жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш сомасында төлем көзделеді.

Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Акция 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл шара қылмыстық жағдайға оң әсер етті. Тек соңғы 5 жылда қару-жарақпен жасалған қылмыс саны жартысына жуық қысқарды (2019 жылғы 238-ден 2023 жылы 121-ге дейін).

ІІМ халықтың өткізілетін акцияға түсіністікпен қарап, белсенді түрде қатысатынына сенеді, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұрайды.

Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілер табылған жағдайда, олармен қандай да бір іс-қимыл жасауға тырыспаңыз, полиция бөлімшесіне “102” нөміріне немесе 112 нөміріне телефон арқылы хабарлаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру