Жамбыл облысының тұрғынына жұмысқа орналастыруға уәде берген алаяқ анықталды
Жамбыл облысының тұрғынына жұмысқа орналастыруға уәде берген алаяқ анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласы полиция басқармасының бірінші полиция бөліміне жергілікті тұрғын орын алған алаяқтық дерегі туралы арызбен жүгінген. Оның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар айында таныс әйел оны мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастыруға уәде беріп, өзінің «қызметі» үшін 700 мың теңге алған.
Жәбірленуші оған сұраған ақшасын берген, алайда уәде еткен жұмыс орнына тұра алмағандықтан, полицияға шағымданған.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыс орталығының 48 жастағы тұрғынын анықтады. Әйел адам өз кінәсін мойындады. Ол келу туралы міндеттемемен босатылды.
Қазіргі таңда істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау мақсатында барлық қажетті жедел- тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.