Жамбыл полицейлері көлiкте балаларды ұстау құралдарын қолданудың маңыздылығын айтты
Жамбыл полицейлері көлiкте балаларды ұстау құралдарын қолданудың маңыздылығын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының аумағында «Қауіпсіз жол» ЖАШ шеңберінде «Сіздің жолаушыңыз – бала!» кең ауқымды акциясы жүргізiліп жатыр.
Акцияның мақсаты – балалардың жол-көлік апаттарынан жарақаттануының алдын алу, сондай-ақ балаларды ұстау құрылғыларын пайдалану бойынша ересектердiң дағдыларын нақтылау.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері балаларды тасымалдау мәселелері бойынша көлік құралдарының барлық түрлерінің жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ оларға көлік құралдарына қойылатын ережелер мен талаптарды еске салады.
– Жол апаттарындағы балалар өлiмiнiң себептері – жүргізуші ата-аналардың оларды қауіпсіздік белдіктерімен байламауы, балаларды ұстайтын құрылғыларды пайдаланбауы, оған қоса көбінесе мас күйінде рульге отырып, жылдамдықты асыруы болып табылады. Көптеген ата-аналар арнайы автокөлік орындығын сатып алудың қажеті жоқ деп санайды. Бірақ автокөлік сағатына 50 шақырым жылдамдықпен қозғалмайтын затпен соқтығысқан кезде баланың салмағы бірден 33 есе артады. Мұндай жүкті бірде-бір ата-ана қолында ұстай алмайды. Сонымен қатар соққы немесе тежеу кезінде баланы қолында ұстаған ересек адам оны өз салмағымен басып жiберуi де мүмкін, – деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар полицейлер балаларды қоғамдық тасымалдау орындарында – балалар емханалары, мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептер маңындағы аумақтарда тасымалдау ережелерін бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Ата-аналарға жол қозғалысы ережелерін сақтауға және балаларды тек арнайы ұстау құрылғысы бар автомобильдерде тасымалдауға шақыратын парақшалар таратуда.
Осы жылдың басынан бастап патрульдік полиция батальондарының қызметкерлері жолаушылар мен жүктерді тасымалдау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін барлығы 106 азаматты жауапқа тартты.