Жамбылдық оқушылар үшін «Тор» әлеуметтік трагедиясы сахналанды
Жамбылдық полицейлер балаларға өмірдегі дұрыс таңдаудың қаншалықты маңызды екендігін сахналық қойылым арқылы көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 мамыр күні Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында, сондай-ақ «30 игі іс» науқаны аясында Жамбыл облысының полиция департаменті ювеналды полиция тобы мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің бастамасы бойынша білім басқармасы, облыс әкімдігінің кәмелетке толмағандар істері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының төрағасы, сондай-ақ Жамбыл облыстық орыс драма театры өкілдерімен бірлесіп, Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектебінде тәрбиеленушілерге арналған Владимир Коняевтың «Тор» әлеуметтік трагедиясын бірлесіп тамашалау шарасы ұйымдастырылды.
– Сахналық қойылым теріс жолға түскен адамдардың өмірі, яғни есірткі, алкогольдік ішімдік және азғындық өмір салтының ықпалына түскендер туралы баяндайды. Тірілер әлемінен кеткендерін түсінген кейіпкерлер өз өмірлерін егжей-тегжейлі еске түсіріп, олардың қателіктерін қайталамауға шақырады. Актерлер сахналық кейіпкерлердің өмірін көрсетіп, олардың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адам туралы көрерменге жеткізуге тырысты. Олардың салдары туралы да көрсетілім барысында жеткізді, – деп атап көрсетті өз әсерімен бөліскен Жамбыл облыстық орыс драма театры директорының орынбасары Валерия Сон.
Көрермендер әр кейіпкердің өмір тарихын үлкен толқумен қабылдап, олардың тағдырына түсіністікпен қарады.
– Халықаралық балаларды қорғау күні қазақстандық балалардың тағдырына немқұрайдылық танытпауға шақырады. Балалық шақты қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау – біздің басты міндетіміз! Күн сайын біз балаларға қатысты, сондай-ақ олардың қатысуымен орын алатын қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастырамыз. Бүгінгі күн қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға кезекті мерекені мағыналы өткізуге мүмкіндік беріп, «Тор» сахналық көрсетілімі кейіпкерлерінің тағдыры арқылы құқыққа қайшы әрекеттің салдарын көрсетті. Біз оқушылардың тағы бір күнін жақсы өткізуіне мүмкіндік жасап, өмірлерін болашаққа дұрыс бағыттауға көмектестік деп үміттенемін. Осындай іс-шаралар жалғасын табатын болады, – деп сөзін түйіндеді Жамбыл облысының ПД ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.⠀
Қойылым аяқталғаннан кейін барлық тәрбиеленушілерге тәтті сыйлықтар мен балмұздақ таратылды.