Жамбылдық полицейлер ауыл тұрғынынан 1 қап есірткі тәркіледі
Жамбылдық полицейлер ауыл тұрғынынан 6 келі есірткі тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қарашада «Рефлекс-2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты іске асыру барысында Тұрар Рысқұлов ауданының «Сарышорат» құмға жақын маңдағы аумағында жергілікті тұрғынды ұстады.
Жақын маңдағы аумақты тексеру кезінде жалпы салмағы 6 келі «кептірілген марихуана» есірткі заты бар 1 қап табылып, тәркіленді.
– Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі бойынша (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталған азамат кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деді Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дінмұхамед Қойториев.