Жамбылдық полицейлер автокөлікке заңсыз газ баллон жабдықтарын орнатқан жүргізушілерді анықтады
«Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Alphard автокөлігі тоқтатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автокөлікті тексеру барысында полицияның қызметтік көліктерінде болатын сигналдық дауыс зорайтқыш құрылғы (СДҚ) орнатылғаны анықталды. Автокөлік салонынан спорттық құралды (бита) тапты. Оны қандай мақсатта қолданғаны белгісіз. Анықтау мақсатында бұл зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Газ баллонды жабдықтарын заңсыз орнату анықталды.
Бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 603-бабы 2-бөлігі (Көлік құралында арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерінің арнайы түсті-графикалық схемаларын заңсыз салу), ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігі (Рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Автокөлікті заңсыз қайта жабдықтағаны үшін полиция қызметкерімен бұзушылық жойылғанға дейін көліктің нөмірі алынды.
– Біз жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Toyota Alphard автокөлік жүргізушілерімен жиі жол-көлік оқиғасы орын алады, олар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, белгіленген жылдамдықты шектен тыс асырып, 200 км/сағ жылдамдықпен жүргізеді. Ал, бұл қайғылы жағдайға әкелуі толық мүмкін. Жүргізушілерге жол қателіктерді кешірмейтінін естеріне салғым келеді. Адамның өмірі өте қымбат. Жолға шыққанда, қолыңызда адамның өмірі тұрғандығын әрдайым есте ұстаңыздар, – деді Жамбыл облысы ПД ППБ командирінің міндетін атқарушы Дәулет Жанғабылов.
4 айда өңір аумағында 305 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 42 адам қаза тапты, оның 12-сі балалар. 459 азамат түрлі дәрежеде жарақат алды.