Жамбылдық полицейлер бір тәулік ішінде 6 түрлі жерден қару-жарақ арсеналын анықтады
Жамбылдық полицейлер бір тәулік ішінде 6 түрлі жерден қару-жарақ арсеналын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері күн сайын қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді іздеу бойынша үздіксіз жұмыс жүргізеді. Мәселен, жедел ақпаратты іске асыру барысында кезекші тәулік ішінде облыс орталығының бірнеше көшелерінде қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған полипропилен қаптары табылды.
Қаптардан ПД қоймасынан ұрланған ПСМ маркалы жауынгерлік тапанша, ТОЗ-Б және ИЖ-18 бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, екі ұңғылы аңшылық мылтық, түрлі калибрлі 148 патрон және арнайы құралдар тәркіленді.
Сондай-ақ бірқатар аудандарда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері елді мекендерден тыс жерлерде қару-жарақ арсеналдарын анықтады.
Табылған қарулардың арасында қос ұңғылы мылтық, ИЖ-17 және ИЖ-27 бір ұңғылы аңшылық мылтықтардың кесінділері, пневматикалық және травматикалық тапаншалар, спорттық револьвер-тапанша, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 94 патрон болды.
Осы деректерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3 және 4-бөлімдерінің бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.