Жамбылдық полицейлер “Мен Донормын – Мен Патриотпын” акциясын ұйымдастырды
Жамбылдық полицейлер “Мен Донормын – Мен Патриотпын” акциясын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық қан орталығына тұрақты түрде барып, қан өткізуді дәстүрге айналдырған.
18 қаңтар күні Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев бастаған ЕҚҚІБ ұжымы өздері ұйымдастырған “Мен Донормын – Мен Патриотпын” акциясы аясында тағы да донор болды. Осы әрекетімен полицейлер медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ кез келген адамның донор бола алатындығын өзгелерге көрсетіп, үлгі бола білді.
– Бүгін әріптестермен бірге игі іске қатысуға шешім қабылдадық. Донорлық қан көп адамның өмірін сақтап, денсаулығын жақсартуға көмектеседі деп сенеміз. Сонымен қатар бұл процедура, қанға мұқтаж адамдар үшін ғана емес, донорлардың өздері үшін де пайдалы, – деді Әлім Бажықбаев.
Орталық өкілдері мұқтаж адамдарға қол созу үшін тұрақты қан тапсыруға белсенді қатысып жүрген қызметкерлерге алғыс білдірді.
– Тәртіп сақшылары донорлықты насихаттауға және әртүрлі себептерге байланысты қан құюды қажет ететін адамдарға көмектесуге дайын еріктілер қатарын көбейтуге ықпал ететін акцияларды белсенді түрде өткізеді. Олардың бұл шаралары қазірдің өзінде жақсы дәстүрге айналды. Бұдан әрі де жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз, – деді Жамбыл облыстық қан орталығының қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Раушан Көмекбаева.