Жамбылдық полицейлер құны шамамен 7 млн теңге болатын жылқы ұрлығының жолын кесті
Жамбылдық полицейлер 6,7 млн теңге жылқы ұрлағандардың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының аумағында мал ұрлығымен күресу үшін тұрақты негізде арнайы құрылған жедел-іздестіру топтары жұмыс жасайды. Олар мал базарлары, мал сою орындары және жабайы сауда орындарына рейдтер жүргізеді.
Ұйымдастыру шаралары мен мақсатты жұмыс нәтижесінде ағымдағы жылдың басынан бастап 43 мал ұрлығы, оның ішінде 6 қылмыстық топ құрықталып, жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында ұрланған 305 малдың 204-і табылып, иелеріне қайтарылды, бұл жалпы санның 66,8%-ын құрайды.
Мәселен, 13 маусым күні мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жүк көлігімен жылқы табынын алып кету әрекеті кезінде екі ер адамды ұстады.
Нәтижесінде Жамбыл ауданының 36 және 26 жастағы тұрғындары өз кінәларын толық мойындады. Күдіктілердің айтуынша, маусымның 12-нен 13-не қараған түні олар жекеменшік жайылымнан 13 бас жылқыны ұрлап, оны тасымалдау кезінде полиция қызметкерлері олардың үстінен түскен.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 2-бөлігімен (Мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
– Полиция қызметкерлерінің қырағылығымен және тәулік бойы мал ұрлығының алдын алу шараларының нәтижесінде құны 6,7 млннан теңгеден астам қаражат тұратын жылқы ұрлығының жолы кесілді. Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Жануар өз иесіне қайтарылды, – деді ПД криминалдық полиция басқармасының бөлімі бастығы Мейіржан Қадірқұлов.
Жамбыл облысының полиция департаменті халыққа өздеріңіздің шаруашылықтарыңыздағы малдың сақталуын бақылауды күшейтуді және оның иесіз жайылуына жол бермеуге шақырады.