Жамбылдық полицейлер студенттер арасында «Есірткісіз болашақ» тақырыбында дәріс өткізді
Жамбылдық полицейлер студенттер арасында «Есірткісіз болашақ» тақырыбында дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық «Рефлекс-2021» жедел алдын алу шарасы аясында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Есірткісіз болашақ» тақырыбында дәріс өткізді.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту.
Студенттерге есірткіге қарсы бейнероликтер көрсетілді. Дәріс барысында полицейлер есірткі құралдарының, оның ішінде синтетикалық есірткілердің зияны және оларды қолданудың салдары туралы айтты.
Сондай-ақ, олар ҚР кейбір заңнамалық актілеріне есірткіні жарнамалау және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.
– Нашақорлыққа қарсы күрестегі негізгі сәттердің бірі – профилактикалық қызметті ұйымдастыру. Облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы білім беру мекемелерінің әкімшіліктерімен тығыз ынтымақтастықта. Қызметкерлер өскелең ұрпақты есірткіні пайдаланудан қорғауға арналған түрлі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырады, – деді Жамбыл облысы ПД ЕБҚІБ бастығы Асқар Жұмабеков.